1 наурыздан Қазақстан экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесіне көшеді
2016 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесіне көшеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұнай-газ секторы мен тау-кен металлургиялық кешенді қолдау үшін пайдалы қазбаларды өндіруге жеңілдіктерді ұсыну, 2016 жылдың 1 наурызынан әлемдік бағаға байлай отырып, экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ мұнай-газ секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін экспорттық-кедендік баж салығы мазуттың тоннасына 30 долларға дейін төмендетілді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мұнайға байланысты меже бойынша, яғни барреліне 25 доллардан төмен әлемдік баға кезінде экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі 0-ге теңеледі, ал берреліне 25 доллардан жоғары әлемдік баға аясында экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі тиісті межеге сәйкес айқындалады.
«Осы арқылы, мұнайға әлемдік бағаның өсуімен экспорттық-кедендік баж салығы көлемі де артады», - деп түсіндірді Е. Досаев.
Сонымен қатар, 1 мамырдан 1 қыркүйекке дейінгі аралықта бір тоннаға 15 еуро мөлшерінде мазутқа маусымдық баж салығының мерзімін белгілеу ұсынылуда.
Қанат Мәметқазыұлы
Фото:primeminister.kz