Астана жұртшылығы ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды
Елордада дәстүр бойынша 15 ақпан күні Ауғанстандағы соғысқа қатысқан интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні аталып өтіледі. Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығарғаннан бері 20 жылдан астам уақыт өтті, деп хабарлайды "Қазақстан" ҰТА.
Бүгін Астанада жауынгер-интернационалисттерге арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтті. Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қатысты. Мемориал жанына ауған соғысының ардагерлері, қаза тапқандардың туыстары, қалалық билік пен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, орта және жоғары оқу орындарының оқушылары, Астанада орналасқан әскери бөлімшелердің өкілдері жиналды.
«Жас болғандарына қарамастан жауынгерлеріміз Отан алдындағы борыштарын өтеу үшін Ауғанстанға аттанды. Бүгін олардың бәрі де жадымызда. Қазіргі кезде Астанада ауған соғысына қатысқан мыңнан астам адам тұрып жатыр, жұмыс істеп жүр және Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуда. Баршаңызға денсаулық тілеймін, әрқашан да жанымызда болыңыздар, тәуелсіз еліміздің болашағын бірге қарсы алайық», – деді Ермек Аманшаев.
Ауған соғысына 22 269 қазақстандық қатысқан, соның ішінде 324-і қаза тауып, 1015 мүгедек болып қайтты, 21-і хабар-ошарсыз кетті.
«15 ақпанда жауынгерлер шығарыла бастағаннан кейін ғана аналарымыз баласының Ауғанстанға жіберілмейтінін біліп, тыныш ұйықтайтын болды. Тағдырдың салғанымен бұл тауқыметті сіздер тартып, бейбіт уақытта жас жауынгерлеріміз соғысқа аттанды. Барлық аналардың атынан оларды ұмытпағандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді ауған соғысында қаза тапқан жауынгердің анасы Нина Нестерева.
Шара соңында жиналғандар интернационалист-жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Фото:kaztrk.kz