Баку-Ақтау бағытындағы жүк тасымалы бір айда жылдық көрсеткішке жетті
Баку-Ақтау бағытындағы және керісінше жүк тасымалы бір айда 1 жылдық көрсеткішке жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Бұндай ақпаратты Бакуде ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
«Егер бұрын Баку-Ақтау және керісінше бағытта жылына 1 мың көлік өтсе, қазір бір айда осынша өтеді. Біз мүмкіндігімізді дұрыс бағалап, жүкті қабылдау үшін тиісті жұмыс істеуіміз керек. Бұл көлем ұлғаятынын көріп отырмыз», - деді Ж.Қасымбек.
«Негізінен мұнаймен және металмен жұмыс істейміз. Бакуге көп көлемде мұнай жөнелтеміз, ары қарай транзитпен Қара теңіз арқылы. Қазір автомобиль көлігімен тасымалданатын жүктің жаңа түрлері пайда болып жатыр. Біз бұл бағыттағы әзербайжан әріптестеріміздің тәжірибесімен бөлісуге келдік. Әзербайжандық әріптестердің қалай жұмыс істейтінін қарап, біз қалай жұмыс жасайтынымызды айтамыз. Бұл транскаспий дәлізіне қосымша жүк ағымын тартудың жақсы мүмкіндігі деп санаймыз», - деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Оның сөзіне қарағанда, егер бұл бағыт бәсекеге қабілетті, бағасы қолжетімді, жеткізу уақыты мен қызмет жақсы болса, онда алдағы уақытта да жүк ағымы осындай болады.
Фото:www.kazlogistics.kz