Алматыда заңсыз ойынхана иелері қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Заң жүзінде Алматы қаласында құмар ойындары нысандарының жұмысына тосқауыл қойылған. Дегенмен көлеңкелі жұмыс істеп келген 2 нысан анықталды. Бірі - «Ақсай-2» ықшам ауданында , ал екіншісі - Сәтпаев көшесінде жұмыс істеп келген. Заңсыз кәсіп жүргізген екі тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Компьютер клубы атын бүркеніп келген ойынхана «Ақсай-2» ықшам ауданындағы тұрғын үйде орналасқан. Қалалық Ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері дәл ойынның үстінен түскен. Бұл жерден тәртіп сақшылары 18 компьютер мен 323 мың теңге тәркілеген. Нысанның иесі де анықталып, 36 жастағы келіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Ал, екінші заңсыз кәсіп бильярд клубының бірінде жұмысын дөңгелеткен. Айғақты зат ретінде «покер» ойынына арналған үстел табылды. Тәртіп сақшылары астыртын жұмыс істеп келген орыннан фишка, ойын карталары, сондай-ақ құмар ойындарының тұрақты келушілерін тіркейтін журналды анықтапты.
"Сәтпаев көшесінің бірінде покер залын анықтаған болатынбыз. Ойын бизнесіне байланысты барлық заттар табылып, тәркіленді. Олар да қылмыстық істің материалдық айғағы ретінде тіркелді",- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қолға түскен ойыншылар ешқандай жазаға тартылмайды, ал ойынхананың қожайыны заң алдында жауапқа тартылмақ. Яғни, үлкен мөлшерде айыппұл арқалап, кемінде 3 жылдай бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Себебі заң бойынша тек Қапшағай және Щучье қалаларында казино ашуға рұқсат берілген.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев
Фото: perune.ru