Павлодарлық оқушылар сегіз жастағы Саша Соколовқа протез қол табыс етті
Павлодарда дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейі информатика пәнінің мұғалімі Ерхан Міндетбай мен 11-сынып оқушылары Ғалымбек Әбішев, Марат Абылқайыров сегіз жастағы Саша Соколовқа 3D принтерінде шығарылған қолдың протезін табыс етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Саша дүниеге келгенде сол жақ қолының саусақтары болмаған. Дегенмен, бұл оның № 17 жалпы орта білім беру мектебінің гимназиялық 2-сыныбында озат оқушылардың қатарында білім алуға кедергі емес. Ерхан Міндетбай павлодарлық дәрігерлер арқылы протезге мұқтаж баланы ұзақ іздеген. Алайда Сашаны кездейсоқ көшеден жолықтырған.
"Біз оқушыларымызбен бірге протез жасаумен айналысатын халықаралық «е-NABLE» қауымдастығына мүшеміз. Бұл істі қолға алуға 3D принтерін сатып алып, Африка елінде оның қалай жұмыс істеу керек екенін көрсеткен адамның өмірі түсірілген видео себеп болды. Енді мүмкіндігі шектеулі адамдар жасанды қол мен аяқты өздері басып шығара алады", - дейді Е. Міндетбай.
Өткен жылдан бері ұстаз оқушыларымен бірге Скетч Ап бағдарламасын меңгере бастаған. Сондықтан мектеп оқушылары саусақтары жоқ адамдарға механикалық қолдың протезін басып шығара алатын 3D принтерін сатып алған. Енді алдағы уақытта жобаны жасаушылар электр жүргізгіші қолданылатын автоматтандырылған қол жасап шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан кейін балалар ұстаздарымен бірге сенсорлы құрылғы орнатылған, иықтағы жүйке талшықтарынан импульсті ұстайтын модельді жасамақ. Мұндай протезді қолынан айырылған адамдар пайдалана алады.
Ақбота Сейсенбаева
Фото:pavlodarnews.kz