Ақтөбеде Сирияға кетпек болған 11 адам қолға түсті
Сирияны бетке алған ақтөбеліктер қатары азаяр емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті 19 ақпан күні шекара аспақ болған 11 ақтөбелік азаматты ұстады. Олар 25-40 жас аралығындағы ер азаматтар. Бұл туралы облыстық прокуратура ақпарат таратты, деп хабарлайды Bnews.kz.
Ақтөбеде тұратын 11 адам Сирияға кетіп бара жатқан жерінен ұсталды. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департамент қызметкерлері ұзақ уақыт бойы бақылап, тергеу жұмыстарын жүргізген. Ал 19 ақпан күні елді тастап кетпек болған адамдар құрықталды. «Бұл азаматтар Сирия Араб Республикасында болып жатқан қарулы қақтығысқа қатысу мақсатында елден шығып кетуді жоспарлаған. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қылмыс болып саналады. Қазіргі уақытта күдікті тұлғалар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»,- дейді облыстық прокуратураның аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаев.
Айта кетейік, Сирияға кетпек болған адамдардың жасы 25 пен 40 жастың аралығында. Олар қазір уақытша тергеу мекемесіне қамалды. Арнайы тергеу жұмыстары басталды. Облыстық прокуратура шетел асып, Сирияға бармақ болған ақтөбеліктер арасында олардың әйелдері мен балалары бар деген ақпаратты растаған жоқ, тіпті, жоққа да шығармады.
Алтынай Сағындықова
Фото: www.izvestiaur.ru