Алматылықтар Алғыс айту күнін тойлауда
Алматы жұртшылығы Алғыс айту күнін тойлауда. Бүгін Достық үйінің маңында жиналған түрлі ұлт өкілдері әннен шашу шашып, мерекелік дастархан жайды, деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА.
«Бүгін баршаңызды Елбасы жарлығымен тұңғыш рет тойланғалы отырған Алғыс айту күнімен құттықтаймын. ҚХА құрылған күнімен тұспа тұс келген мереке еліміздегі ұлттар достығын одан әрі күшейтетініне сеніміміз кәміл. Бүгінгі Алғыс күні Елбасы Жарлығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған этностардың ұрпақтарының бауырлас халыққа, туған елге, туған жерге деген тағзым күні деп есептейміз. Халқымызда «алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөз бар. Дәл осы концепцияға негізделген Елбасы саясатының арқасында үлкен міндеттердің үдесінен шығып, болашақта Отанымыз Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан табыларына сенімдімін», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Келушілер республикалық және Алматы қалалық этномәдени бірлестіктердің көрмесін, Алматы қаласы ЭМБ-дің дайындаған «Бір ел-бір отбасы» сурет көрмесін, ұлттық бірлік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім тақырыбында көркем туындылар байқауына қатысушылардың сурет көрмесін тамашалады.
Фото:liter.kz