Қазақстандық инженер әлемдегі ең бірінші альпинист-роботты ойлап тапты
Әрине, мұндай машина әлі дүниеге келген жоқ. Бірақ оны жасап шығу үшін біздің жерлесіміз тер төгіп жатыр. Азамат Ешмұхаметов 10-20 жылдан кейін бұл роботтардың адамдардың көмекшісіне айналатынына сенімді. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ойлап тапқан машина несімен ерекше? Азамат ойлап тапқан алғашқы құлтемір өнеркәсіп мақсатында құрастырылған, -деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Қазақстандық өнертапқыштың айтуынша, мұндай көпқырлы машинаға әлемде ешбір робот тең келмейді. Себебі оны құрылыста, көлік құрастыру, фармацевтика мен медицина саласында пайдалануға болады.
"Мұндай машиналарды құрастыру мен шығару біздің экономика үшін тиімді. Жаңа серпіліс болар еді. Ел дамуының жаңа қыры десек болады", -дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендианты Азамат Ешмұхаметов.
Токай университеті қазақстандық студенттің жобасына қолдау білдіріп отыр. Бұл макеттің әрбір бөлшек үлгісі осы зертханада жасалған. Автор Ямабот құлтемірін елге келгесін сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
"Роботты қаласақ та, қаламасақ та ол біздің болашағымыз. Ол бәрібір өмірімізге енеді. Кейін сан соғып қалмас үшін қазір жұмыс жасауымыз керек. Мен қазақстандық жастардың осындай машиналарды құрастыруға бет бұрғанын қалаймын. Роботты техника саласы бойынша еліміздің аты әлемге шықса, керемет емес пе? Әрине, мұның бәрі болашақтың еншісінде. Дегенмен күтіп, босқа уақыт кетірудің қажеті жоқ",-дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендианты Азамат Ешмұхаметов.
Робот құрастыру бойынша әлемде Жапонияға тең келетін ел жоқ. Мұнда әр корпорацияның өзінде робот шығару ісімен айналысатын жеке бөлім бар. Бұл бәсекелестік орта қалыптастырып, сапалы машиналар шығаруға септігін тигізеді. Күншығыс елінде құлтемір құрастырушы, инженер мамандықтарға сұраныс жоғары.
"Роботтар мысалы теледидарды қосу немесе салқындатқышты өшіру, кішкентайларды бағып-қағу, зейнеткерлерге қолғабыс ету бір сөзбен айтқанда, үйдегі барлық қауіпсіздікке жауап беретін болады. Бұдан бөлек, медициналық бақылау жүргізетіндері де құрастырылады", -дейді Токай университеті нақты ғылым кафедрасының меңгерушісі, профессор Йошио Ямамото.
Жарты жылдан кейін Азамат елге оралып, жобасы бойынша жұмысын жалғастырады. Ол Ямаботтың өнеркәсіп альпинизмі саласына пайдасын тигізетініне сенімді. Өйткені зәулім ғимараттардың терезесін жуу, сыртын тазалау секілді қауіпті міндеттерді әлі күнге дейін адамдар басын қатерге тігіп, атқарып келеді. «Мұндай қауіпті жұмыстарды роботтарға сеніп тапсыратын уақыт келді» - дейді қазақстандық инженер.
Әсел Тұмашқызы, Айгерім Оразалиева
Фото:24.kz