Сарыарқа даласында өскен армян отбасы қазақ дәстүрлерін ұмытпаған
Аркадий ата-анасы мен достары қалған елді үнемі сағынып отырады екен. Аркадий Демирханян Қарағандының Степной ауданынан Ванадзор қаласына 2 жыл бұрын көшіп келді. Қасында жұбайы мен ұлы бар. Ал ата-анасы мен ағасы Қазақстанда қалды. Аркадий екінші отанына айналған елді үнемі сағынып отырады, деп жазады 24.kz арнасы.
Өкінішке қарай, Арменияда болған жер сілкінісі салдарынан біз 1988 жылы көшіп кетуге мәжбүр болдық. Қазақстанда отбасымызды жылы қарсы алды. Мен мұнда 27 жыл тұрдым. Бұл ел менің екінші отаныма айналды. Қазақстанда менің туыстарым және достарым қалды. Сондықтан әрдайым қайтып барғым келіп отырады, -дейді Қазақстан азаматы Аркадий Демирханян.
Аркадийдің кәсібі шығармашылықпен байланысты. Оның туындылары бүкіл әлемде сұранысқа ие. Ер азамат өз еңбектерінде Қазақстанға деген сағынышын бейнелейді.
Мен шығармашылықтың ерекше түрімен айналысамын. Шоколадтан суреттер саламын. Қазақстанды сағынғандықтан, Астанадағы «Бәйтерек» монументін салғым келді. Осылайша, мен біздің армян үйімізге Қазақстанның бір бөлшегін әкелдім, -дейді Қазақстан азаматы Аркадий Демирханян.
Суретші алдағы уақытта Қарағандыға барып қайтуды жоспарлап отыр.
Менің Қазақстандағы достарым – түрлі ұлт өкілдері. Арасында қазақтар, татарлар, кәрістер, армяндар бар. Әлі күнге дейін олармен қарым-қатынасымды үзген жоқпын, -дейді Қазақстан азаматы Аркадий Демирханян.
Әрине, біздің Қазақстанға жиі барып тұруымызға екі ел арасындағы арақашықтық кедергі болып тұр. Алайда мүмкіндік болған бетте, біз міндетті түрде барып, туыстарымызға кіріп шығамыз, -дейді Аркадий Демирханянның жұбайы Анаит Осипян.
Сарыарқа даласында өскен азаматтың отбасы қазақтың дәстүрлерін ұмытқан жоқ. Олар қонақтарды құшақ жайып, қарсы алып, алдарына мол дастархан жаяды және де жасы үлкен адамдарға ерекше құрмет көрсетеді.
Дариға Ташенова, Лаура Жүсіпбекова, Ованес Акопян
Фото:24.kz