Семейдің орталық көшелері көлге айналды
Семейде күннің күрт жылынуынан үйілген қар еріп, орталық көшелерді көлге айналдырды. Бүгінде қаланың қақ ортасында орналасқан базар маңында жаяу жүргінші тұрмақ, көлік қозғалысы қиындаған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жол жиегінде арық болмағандықтан көлкіген су жүргізушілермен қатар саудагерлерді де әбіргерге салуда. Олар тауарларын аман сақтап қалу үшін қолдан бөгет жасап жатыр. Алайда, қап-қап қылып құмды қанша тастағанымен қызыл су бой беретін емес дейді.
Ашынған сатушылар сылбыр қимылдайтын коммуналшыларға шүйлігіп отыр. Себебі, олар таң атқалы су сорғызуға екі-ақ рет келіпті. Онсыз да шұрық-тесік көшелер енді суға толып, жүргізушілер қып- қызыл шығынға батуда. Су ортасынан сүйретіп шығарылған мына көлік қозғала алмай қалған. Сондықтан ашуға булыққан қожайыны тұлпарын көшенің қақ ортасында жөндеуге мәжбүр.
Фото: altaynews.kz