Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында әрбір азамат бірдей ем қабылдайды
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасының аясында барлық қазақстандық бірдей деңгейде медициналық көмекке ие болады деп мәлімдеді. Бұл туралы министр zakon.kz ақпараттық порталы ұйымдастырған интернет конференциясында айтты.
Т.Дүйсенованың сөзінше, медициналық сақтандыру жүйесінің қаржы аудару тәртібі, зейнетақы жарналарын аудару тәртібіне ұқсас болады. Дегенмен,айырмашылықтары болатының тілге тиек етті.
«Егер бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі болса, біз әр ай сайын жалақымыздың 10% аударып отырамыз. Ал медициналық сақтандыруда барлық қаржы ортақ қорға құйылады. Мәселен, сіз 200 мың теңге жалақы аласыз делік, одан сіз қорға 2 пайыз аударуыңыз шарт. Ал мен ең төменгі межедегі жалақы, яғни 22 852 теңге аламын деп санайық, оның екі пайызы 457 теңгеге тең. Сіздікі болса 4000 теңге. Дегенмен, екеуміздің жалақымыз әртүрлі болғанымен, сіз және мен бірдей медициналық қызмет аламыз. Мұны халықтың бір-біріне көрсеткен көмегі деп қабылдағанымыз абзал»,- деп түсіндірді Т.Дүйсенова.
Сонымен қатар, министр әрбір азамат ем қабылдағысы келетін емхана немесе медициналық мекемені өзі таңдауға құқылы екенің атап өтті. Оны басқа біреу немесе жұмыс беруші міндеттеп таңдай алмайды деп қадап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 1 наурызынан бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңы күшіне енді.
Фото: media-astana.kz