Елімізде 122 мыңнан астам мүгедек техникалық жабдықтарымен қамтамасыз етілді–ҚР ДСӘДМ
Қазақстанда 2015 жылы 122 мыңнан астам қазақстандық мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалтудың техникалық жабдықтарымен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz берген ақпаратқа сүйеніп жазады.
«2015 жылы оңалтудың техникалық жабдықтарымен 122 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар қамтамасыз етілді», -делінген ведомство хабарламасында.
Түсінідіріп өткендей, оның ішінде шалғай елді-мекендерде тұратын 4 мыңға жуық адамға оңалту жабдықтары «Қазпошта» АҚ қызметтері арқылы үйлеріне жеткізілді.
Ведомствоның мәліметінше, өткен жылдан бері Қазақстанда алғаш рет 300-ден астам балаларға бюджет қаражатының есебінен кохлеарлы импланттардың сөйлеу процессорлары ауыстырылып, күйге келтірілді. Сонымен бірге, 2015 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған 370 балаға кохлеарлы имплантация отасынан кейінгі есту қабілетін оңалту шаралары жалғасып келеді.
«Мүгедектерді оңалтуды техникалық жабдықтарымен қамтамасыз ету – оларды қоғамға бейімдеудің басты тетігі болып табылады. 2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мүгедектерді оңалту техникалық жабдықтарының тізімін жаңарту бойынша жұмыс жүргізді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған міндетті гигиеналық жабдықтардың нормалары ұлғайтылды», - деп баса айтты министрлікте.
Ағымдағы жылы ҚР ДСӘДМ мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңін жүзеге асыру шараларын жалғастырады. Атап айтқанда, бұл жоспар халықтың жас ерекшеліктеріне қарай мүгедектікті ескерту мен алдын алуды, медициналық-әлеуметтік сараптама мен денсаулық сақтау қызметтерін біріктіруді қамтамасыз етуді, жыл сайынғы еңбекке жарамды тұрғындарды профилактикалық тексеруді қарастырады.
Бұдан өзге, жоспарда мүгедек балаларға арналған білім беру бағдарламалары мен стандарттарын қайта қарастыру арқылы инклюзивті білім беруді дамыту, есту және көру қабілеті бұзылған балаларды кезең-кезеңімен оқулықтармен қамтамасыз ету, инклюзивті және арнайы білім беру саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту, мүгедектерді оқытуға арналған квоталарды белгілеу үшін мамандықтар тізімін қайта қарау қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 20 ақпанда Мемлекет басшысы «Мүгедектердің құқығы туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. ҚР Үкіметі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда елімізде 627 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Фото: egov.kz