Алматы әкімі көктемгі көшкінге қарсы жұмыстармен танысты
Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қаланың бірқатар аумақтарын аралап шықты. Қарғалы өзенінің арнасы мен тау етегіндегі бөгет бақылаудан өтті. Сонымен қатар, әкім Индустриалды аймақта салынып жатқан жылыжайдың құрылысымен танысып, жаңа мектепті барлап қайтты, - деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Бүкіл бір ауданды лай көшкінінен сақтап қалған Қарғалы өзеніндегі су тоспасының қуаты мен көлемі артпақ. Бөгетті жетілдіру жобасын қолға алған ғалымдар мен жауаптылар қала әкімінің алдында есеп берді. Қаржысы бөлінген нақты жобасы жасалып жатыр. Сыйымдылығы 1 млн 200 мың текше метрді құрайтын тоспадағы қалдықтар толық тазаланған. Үшінші санатқа сай бөгеттің су өткізу жүйесін дамыту қолға алынды. Мамандар жобасымен танысқан қала әкімі оны біршама дамытуға тапсырма берді. Былтырғы су тасқынына барынша шыдап берген Қарғалы өзенінің ені кеңейтіліп, қазір секундына 20 текше метр суды өткізуге мүмкіндік туған.
"Төменде отырған елдерге бәрібір ескертпе жасап жатырмыз. Бола қалған жағдайда қандай іс-әрекет жасау керектігін. ТЖД әкімдікпен бірлесе отырып сиреналар қойып жатырмыз",- деді "Қазселденқорғау" ММ Алматы аймақтық басқармасының басшысы Ринат Әміржанов.
Шаһар басшысы "Шаңырақ - 2" ықшам ауданындағы № 26 мектепті де назарынан тыс қалдырмады. Білім ордасына бас сұққан қала басшысы нысанның мүмкіндігімен танысып, оң бағасын берді. 2000 жылы пайдалануға берілген мектеп әу баста 1200 орынға шақталған. Оқушылар саны артып, орын жетіспегендіктен, кейін 900 бүлдіршінге арналған қосымша нысан салынған. Қазір мұнда 3 мыңға жуық бала тәлім алады. Оған бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті.
"Елбасымыздың "Нұрлы Жол" бағдарламасы аясында салынған. 2014 жылы басталып, өткен жылдың соңында аяқталып, бүгінгі таңда мектебіміз қолданысқа берілді. Барлық оқушыларымыз да, ата-аналарымыз да, мұғалімдер де сондай риза. Осы күнді асыға күткен. Мінеки, барлығымыздың да қуанышымыз мол",- деді Алматы қ. № 26 мектептің директоры Баян Әбдіраманқызы.
Осы тұста қала басшысы Қарасу ықшам ауданы тұрғындарымен кездесті.Халық өз тарапынан әкімге атқарып отырған жұмысына алғыс айтты. Аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында коттедж қалашығы бой көтеріп, қажетті жағдай жасалған.Яғни, интеграцияланған қала жобасына сай келеді.
-Балабқашаға барып жүр ма балаларыңыз?
- Ия, үлкенім 4 жаста. Балабақшаның бағасы төмендеді. Сол үшін сізге үлкен алғыс айтамыз.
Әкім бақылау жұмысы барысында Индустриалды аймақта салынып жатқан жаңа жылыжайға да ат басын бұрды. 150 адамды жұмыспен қамтып, жылына 7 мың тоннадан аса өнім беретін жылыжай құрылысына 7 млн теңге бөлінген. Жалпы 490 гектарды құрайтын аумаққа әртүрлі өндіріс орындары түсуде. Аумаққа инженерлік жүйе салу үшін 20 млрд теңге бөлінген.
Аршын Кемелжан, Әсет Құндақбаев
Фото:zhetysutv.kz