Бәйшешек саудасы сап тыйылды
Көктемде жайқала өсетін бәйшешекке деген жанашырлық пайда болды. Дүйім жұрт сирек кездесетін қыр гүлін сақтауға кіріскен. Жыл сайын осы кезде саудасы қызатын кәсіпкерлер бүгінгі таңда оны сатуға тартыншақтайды. Бір жағынан "Қызыл кітапқа" енген, екінші жағынан заң қатаң, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Жанболат Қошқаров кәсібін гүл саудасымен дөңгелетіп келеді. Тіпті осы салада жүргеніне талай жылдың жүзі болыпты. Бұрындары бәйшешекке деген сұраныс жоғары болған. Бірақ биылдан бастап нәзік гүлді сату сап тиылған. Айтуынша, халықтың өзі гүлге жанашырлық таныта бастапты. Екіншіден заң қатаң. "Қызыл кітапқа" енген әсем гүлді жұлуға, саудалауға тыйым салынды.
"Қызыл кітапқа" енгізілгелі бізге ондай рұқсат берілмеді. Егер оны сатқан жағдайда әкімшілік тарапынан бізге айыппұлдар келеді. Сондықтан біз бәйшешекті сатпаймыз. Бұрындары бәйшешек, сирень гүл деген секілді болатын. Қазіргі таңда бәйшешек көрінбегелі біраз болып қалды. Ұмытып та қалдық қандай болғанын. Шыны керек",- дедігүл сатушысы Жанболат Қошқаров.
Іле, Жетісу және Күнгей тауларының бөктерінде өсетін бәйшешек тағдырын қорықшылар қатаң бақылауға алған. Көктем келісімен табиғат инспекторлардан құралған жедел топ күндіз-түні таулы аймақтарды күзетуге көшкен. Егер пысықайлар рұқсат етілмеген 1 тал бәйшешекті жұлса, онда оған 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл 1060 теңге.
"Бізде Ұлттық парктің осы гүлдерді қорғауға үлкен жұмыс атқарылады. Бұл бірінші үгіт-насихат жұмыстары, түсіндірме жұмыстары. Биыл заң бұзушылық фактілері тіркелмеді. Гүлдің маңыздылығын, оны сақтау керектігін халық түсіне бастады",- дедіІле-Алатау МҰТП Ақсай филиалы директорының орынбасары Серік Айдабосын.
Халықтың өрескел әрекеттері сап тыйылғандықтан, көктемнің белгісіне айналған гүлдерді сақтауға мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен тәрбиені жөргектен бастау керек. Демек, балаларға табиғатты аялауды түсіндіру керек дейді мамандар. Айта кетейік, өсімдіктің бұл түрі сиреп бара жатқандықтан, мамандар 2006 жылдан бері "Қызыл кітапқа" енгізген.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев
Фото:mycoweb.ru