Батыс Қазақстанда құтырған ит адамға шапты
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында құтырған ит адамға шауып, жас баланы қауып алды. Бұл туралы batysnewskz.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Абырой болғанда, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында баланың денсаулығына айтарлықтай зиян келген жоқ. Ата-анасы ауруханаға оны жедел жеткізіп, ем қабылдаған. Соның арқасында вирус ағзаға тарап үлгермей тұрып, қатердің көзі жойылған. Ал ветеринарлардың бақылауына алынған ит вирустың ушығуынан 10 күннен соң өліп қалған.
Айта кетейік, бұған дейін аталған ауданда екі жануардың құтыруға шалдыққаны анықталған. Оның бірі – жабайы түлкі екен. Үй ауласына қорықпастан еніп, айбат шеккен хайуанды тұрғындардың бірі ұрып өлтірген.
Жүргізілген сараптамадан соң оның да құтырғаны анықталып, қауіпсіздік шарасы қолданылған. Сала мамандары осындай жағдайларға куәгер болып немесе зардап шеккен жағдайда жедел ақ халаттылар мен ветеринарларға хабар беру қажеттігін ескертеді.
Темір Құсайын
Фото:fedpress.ru