Мемлекет басшысы Павлодардағы нефрология және эфферентті терапия орталығында болды
Мемлекет басшысы медициналық палаталарды аралап, орталық қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті еңбек ұжымы өкілдерімен және облыстың медицина қызметкерлерімен әңгімелесті, деп хабарлайды zakon.kz, Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйеніп.
Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тұрмысын жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды.
"Өткен жылдар ішінде Қазақстанда 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның арқасында 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. Дағдарысқа қарамастан, 1 қаңтардан бастап біз медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 28 пайызға көтердік. Бұл орталықтың мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы салынғаны өте маңызды, мен бұл бағытты қолдаймын. Жұмысқа қажетті жағдай жасалуда, ал дәрігерлер елдің игілігіне қызмет ету үшін өз біліктіліктерін арттыруы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Мекеме қызметкерлері денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты, сондай-ақ таяу уақыттары Қазақстан Президентінің тапсырмасымен салынған жаңа перинатальдық орталықтың ашылуы жоспарланып отырғанын хабарлады.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі.
Фото:elbasym.kz