Түркияда Тәттімбет саябағы ашылды
Анкара қаласы Етимесгут муниципалитетінің тұрғындарының игілігіне берілген демалыс алаңы күйші-композитордың 200 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр, деп хабарлады "Қазақстан" ҰТА.
Шараның ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара қаласы Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Рымбала Омарбекова, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Тәттімбеттің тікелей ұрпағы Мүслім Жақпаров, күйеу баласы Xavier Hallez және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі, сондай-ақ дипломатиялық мекемелердің өкілдері мен түрік зиялылары қатысты.
Ресми рәсім басталмас бұрын Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері көпшілікке тарту етілді.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев муниципалитет тұрғындары алдында сөз сөйлеп: «2011 жылы Етимесгут ауданында Халық әртісі , күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына байланысты және өткен жылы Кечиөрен ауданында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай саябақ ашылған болатын. Ал бүгін Тәттімбет саябағының бой көтеруі біз үшін зор қуаныш, үлкен абырой. Мұндай маңызды шаралар түбi бiр, тiлегi ортақ туыс халықтардың арасын жақындастыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы мұрасы екі елді рухани байытуда және достық қарым-қатынасын нығайтуда үлкен рөл атқарады», – дей келе, Етимесгут муниципалитетінің әкімшілігіне қазақ халқы атынан өз алғысын жеткізді.
Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы: «Түркі дүниесі былтырғы жылды хакас дастаншысы Семен Кадышевқа, түрік жазушысы Халдун Танерге арнады. Биыл атақты ойшыл Жүсіп Баласағұниға құрмет көрсетіліп, түрлі халықаралық конференциялар, мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Осындай үлкен жобалардың арасында түркі тілдес елдердің әдебиет және өнер майталмандарының мерейтойларын кең көлемде атап өту жұмыстарын да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Соның айқын дәлелінің бірі - бүгін қазақ халқының айтулы тұлғасы, шертпе күйдің шебері Тәттімбет бабамыздың 200 жылдығына орай күйші атындағы саябақтың ашылуы. Алдағы уақытта да түркі әлемінің тарихи тұлғаларын таныту, насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жалғасын таба береді», – деп атап өтті.
Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель: «Бауырлас қазақ халқының көшбасшысын түрік халқы ғана емес, түркітілдес мемлекеттердің барлығы жоғары бағалайды. Сондай-ақ біздің арамызда Елші Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлының да беделі үлкен», – дей келе, Тәттімбет Қазанғапұлына саябақ ашу туралы ұсыныс түскенде бірауыздан келіскенін жеткізді.
Сондай-ақ ол өз ойын: «Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдениет саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралар бауырлас екі елдің туысқандық сезімін арттыруда және тарихи, мәдени тамырластығын тереңдетуде айрықша орын алады»,-деп қорытты.
Одан кейін құттықтау сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев: «Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл біздің егемен еліміз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана уақытта біздің еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Экономикасы тұрақты, қай жағынан да қуатты мемлекет ретінде әлемге танылды. Төрткүл дүние қазақ жерін бейбітшілік пен бірліктің алтын бесігі деп бағалайды. Әрине, бұл ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі, халқымыздың береке-бірлігінің жемісі. Ал осынау тәуелсіздігімізді ең бірінші болып таныған туыстас Түркияға деген біздің құрметіміз қашанда ерекше. Біз – түбі бір ер түркінің ұрпағымыз. Шыққан тегіміз бір, Отанымыз ортақ. Бөліп жаратыны жоқ. Біз әлемдік өркениетке асыл мұраларымен аты қалған айтулы тұлғаларымызбен бірге мақтанамыз. Солардың бірі – қазақ халқының дара перзенті, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы. Бабамыздың 200-жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар өткен жылы еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтті. Бүгін міне, тағы бір ауқымды шара Анкара қаласында жалғасып, арқалы күйші атын иеленген аллеяны ашып отырмыз. Әрине, бұл ең алдымен, туыстас екі елдің бір-біріне деген шынайы, риясыз көңілінің айқын көрінісі. Ал екіншіден, мәуелі мәдениетке, өрелі өнерге, тұғырлы тұлғаға деген өлшеусіз құрметтің белгісі. Екі елдің арасындағы достық пен бауырластық жалғаса берсін. Алдағы уақытта қала басшылығымен келісе отырып, саябақта Тәттімбет бабамыздың бюстін қоюды жоспарлап отырмыз», - деген жағымды жаңалығымен бөлісті.
Фото: kaztrk.kz