Қазақстан Ресейге 16 мың тонна ет экспорттады
Қазақстанда пайдаланылмай тұрған 100 миллион гектардан астам алқап бар. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытып, осы сала кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ет және ет өңдеу өнеркәсібіне арналған форумда мәлім болды, деп жазады Алматы телеарнасы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері еліміздің ет өндіру және ет өнімдерін экспорттаудағы нәтижесімен де бөлісті.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік «Агробизнес-2020» бағдарламасы әзірленгенін әрі белсенді қолданысқа енгізілгенін жеткізді. Алдағы жылдары бұл секторға 3 трлн-ға жуық теңге бөлінбек.
Бүгінгі таңда аграрлық кәсіпті қолдау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл инвестициялық субсидиялар, несиелеу бойынша субсидияның пайыздық мөлшерлемесі несиелік және лизингтік болады және несие алушыларды кепілдік сақтандыру. Әрі субсидия мөлшері жыл сайын өндіріс көлеміне қарай ұлғайтылмақ. Ет және сүт өндірісін қарқынды дамытуға инвесторларды тартып, ет өнімдерін экспорттау үшін бірқатар ірі компаниялармен келісімге қол қойылды. Айта кетсек, биыл отандық өндірушілер іргелес елдердің нарығын бағындырды. Мәселен, Ресей еліне бізден 16 мың тонна ет өнімдері экспортталды.
Фото:www.aif.ru