20 мың теңгелік банкнот үздік деп танылды
Қазақстанның 20 000 теңгелік банкноты халықаралық өңірлік банкноттар байқауында дизайн мен қорғаныс саласында қолданылған технологиялар жағынан үздік деп танылды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 15 наурызда Бухаресте Жоғары қорғалған мөр жөніндегі еуропалық конференция (High Security Printing Europe) барысында өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
«Үздік банкнот» марапаты дизайн саласындағы үздік жетістіктер, банкнот немесе банкноттар сериясының қорғаныс деңгейінің жоғары технологиялық сипаттылығы үшін беріледі. Сондай-ақ, ақшаның қай елден шығарылғанына, сол елдің мәдени мұрасына, бұған қоса банкноттың жалпы дизайнына ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
20 000 теңгелік банкнот былтыр 1 желтоқсанда айналымға шығарылды. Банкноттың басым түсі: көк-сұр. Бет жағында негізгі бейнелер: «Қазақ Елi» монументі, пырақ және «Мәңгілік ел» салтанатты аркасы бейнеленген. Банкноттың жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады. Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы – еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары бейнеленген: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту.
Сырт жағында банкноттың ортасында негізгі бейне болып Қазақстан картасының пішіні және елорданың – Астананың көрінісі – Қазақстан Республикасының Конституциясында салынған өкімет билігі тарауларының бөліну қағидасын қамтып көрсететін ретте орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттарымен тұр.
Фото: 24.kz