ШҚО-да әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 90 орындық балабақша мен дәріхана ашылды. Әлеуметтік нысандар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 25 игі шара аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Қалбатау ауылының 90 бүлдіршіні енді зәулім ғимаратта сапалы тәлім-тәрбие алады. Жергілікті кәсіпкер нысанды іргетасынан бастап өз қаражатына салып шықты. Оның ойынша, мұндай жоба бизнеске де, мемлекетке де, халыққа да тиімді.
«Мен мұнда өзімнің баламды алып келдім, 2 жаста қазір. Өзім жұмысқа тұрмақ ойым бар»,-дейді Қалбатау ауылының тұрғыны Жұмағайша Әзизова.
Жеке кәсіпкерлікпен айналыссам деген ойым бар. Жұмағайша болашақта шаштараз ашқысы келеді. Жобасын жергілікті кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырмақ. Ал балабақшада 28 адам жұмысқа тұрды. Олардың барлығы да – балдырғандар жүрегіне жол табатын білікті мамандар. Мектепке дейінгі мекеменің тағы бір ерекшелігі, мұнда ата-аналарға қосымша ақыға тәулік бойы баласын қалдыруға мүмкіндік қарастырылған.
«Дәл осындай балабақша Үкіметтен, бюджеттен салынатын болса, онда 300 миллион теңгеден артық қаражат жұмсалушы еді. Бұған енді «Балапан» бағдарламасы бойынша ай сайын әр балаға 24 мың теңгеден бөлінеді. Енді осындай жекеменшік балабақшаларды ауданымыздың басқа да ауылдарында салсақ па деген ойымыз бар. Сол үшін біз кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов.
Ауылда балабақша кезегінде әлі 100 бала тұр. Күзге дейін олардың да мәселесі толық шешілмек. Тағы бір жергілікті кәсіпкер әлеуметтік салаға қаржы салуға бел шеше кірісіпті. Ал жаңадан ашылған дәріханада бағалар басқаларға қарағанда едәуір төмен. Бұған әсіресе зейнеткерлер мен көп балалы аналар қуанып отыр.
Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы
Фото:72934.kz