Павлодарлық төрт спортшы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға жолдама алды
Бразилияның Рио-де-Жайнейро қаласында биылғы жылдың тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын павлодарлықтардың саны төртеуге жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорт бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжановтың айтуынша, бұл тізім алдағы уақытта басқа да спортшылармен толығады.
«Әзірге ХХХІ кезекті жазғы Олимпиада ойындарына жеңіл атлетика бойынша 100 метр қашықтықта Ольга Сафронова мен үш қарғып секіруден Роман Валиев қатысады. Күні кеше тағы да екі павлодарлық спортшы, Дәулет Шабанбай мен Мамед Ибрагимов еркін күрестен төрт жылдықтың басты бәсекесіне лицензия ұтып алды», - деді А. Ақылжанов.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта жеңіл атлетикадан Сергей Зайков пен Игорь Кондратьев, велоспорттан Кирилл Казанцев, Дмитрий Груздев және Андрей Зейц, оқпен атудан Юлия Дришлюк, Вячеслав Подлесный, Сергей Вохмянин, Алексей Клейменов және көркем гимнастикадан Айдана Сарыбай лицензияны ұтып алу үшін түрлі жарыстарда бақ сынауда.
Абзал Қабдраш
Фото: ru.wikipedia.org