Қазақстанда ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс көп
Ал ұлттық нақыштарымыз заманауи сәнгерлердің туындыларына өң беріп, талғамы жоғары тұтынушылардың таңдайын қақтыруда. Қазір қолдан жасалған кез келген ою-өрнекті киімдер, үй жабдықтары мен әшекейлерге деген сұраныс жоғары, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Дәстүрден танбай, қолөнердің қадірін арттырып жүрген жандардың бірі – Бота Мейірбек. «Ес білгелі ине мен жіп серігіме айналды», - дейді. Арнайы курсқа барып, тігін тігудің қыр-сырын меңгермеген. Өйткені Ботаның анасы ісмер кісі болыпты. Кішкентайынан анасынан көргенін санасына тоқып өскен. Құрақ құрап, көрпеше тігуді жаны сүйеді. Шебер қазірдің өзінде оюларды ойынан шығарып, қиялына ерік береді. Оның қолынан шыққан туындыларға еліміздің әр өңірінен тапсырыс көп.
"Мен салт-дәстүрді қолға алдым. Себебі көпшілік жерде бұл ұмыт болып жатыр. Мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Себебі, мен сияқты қанша тігінші бар. Қазір қайта жаңғыртып жатыр деп айтсам болады. Құрақ – атам заманнан келе жатқан өнердің бір түрі. Ол жоғалмауы керек. Жалғасуы керек деп ойлаймын",-дейді шебер Бота Мейірбек.
Агат, нефрит, аметист, тау кристалы, бирюза. Бұл тастар Салтанаттың қолынан шыққан әшекейлерге өзінше сән береді. Оның туындыларында ұлттық нақыш басымырақ. Алайда заманауи үлгіні де ұтымды ұштастыра білген. Шебердің тағы бір ерекшелігі, ол қолынан шыққан туындыларға ат қояды. Мәселен, «Ханшайымның тәжі», «Жымыңдаған жұлдыздар» немесе «Мұз қиыршықтары» бұйымдары бірден тұтынушының назарын аудартады.
"Уақытты көп алатыны – тәждер. Алқа тоқитын болсақ, бұл уақытты көп алады. Мысалы, мына алқаны жасау үшін бір аптадай уақыт кетті. Өйткені мұның әр оюы үйлесімділікпен, симметриямен жасалуы керек. Ұнамай қалған кезімде сөгіп тастап, қайтадан тоқыған кездерім де болған", -дейді шебер Салтанат Сүгір.
Қазір үйде отырып-ақ өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Бірі бос кезінде сүйікті ісімен айналысса, енді бірі осылай нәпақасын тауып жүр. Қалай десек те қиыннан-қиыстырып ою салып, құрақ құрап отырған жандар ең алдымен ұлттық өнердің отын өшірмей, болашақ ұрпаққа дәріптеп келеді.
Әсел Тұмашқызы, Ерзат Зайытхан
Фото:www.voxpopuli.kz