Мәжілістің алғашқы жалпы отырысында палата төрағасы сайланып, үкіметке сенім білдірілді
Бүгін Парламент Мәжілісінде алтыншы сайланған Парламенттің алғашқы жалпы отырысы өтіп, оған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов төрағалық етті. Мәжіліс депутаттарының жалпы тізімін жария еткен Қ. Тұрғанқұлов Парламент Регламентіне сәйкес, Мәжіліс төрағасын сайлау рәсімін өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Парламент өкілдерімен бір ғана кандидат ұсынылып, Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов бірауыздан Мәжіліс төрағасы болып сайланды (Палата Спикері қағаз бюллетеньдермен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Ол үшін есеп комиссиясы ұйымдастырылып, кабиналар жасақталып, сайлау жәшігі қойылды).
Бақтықожа Ізмұхамбетов осыған дейін бірнеше жыл Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында әкім, энергетика және минералды ресурстар министрі болды. Сонымен қатар, бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында Мәжіліс Төрағасының орынбасары болған.
Депутаттарға жақтап дауыс бергендері үшін ризалығын білдірген Мәжіліс Спикері Елбасының стратегиялық бастамаларын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ырғақты және Үкіметпен, бүкіл азаматтық қоғаммен келісілген жұмысымызды одан әрі жалғастыруымыз керек,-дей келіп, алтыншы сайланған Парламенттің Мемлекет Басшысының және халықтың үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
Одан әрі Спикердің ұсынысы бойынша ашық дауыс беру арқылы Мәжіліс депутаттары Владимир Божко мен Гүлнар Исимбаева Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары болып сайланды.
Бүгін сондай-ақ, Мәжіліс Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені қарап, Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкіметке сенім білдірді. Үкімет басшысы депутаттарға білдірілген сенім үшін өз алғысын жеткізіп, бірлескен жұмысқа табыс тіледі.
Жалпы отырыста Мәжілістің тұрақты комитеттерінің саны мен атауы бекітіліп, Спикердің ұсынысымен ашық дауыс беру арқылы комитет төрағалары сайланды.
Олар: Аграрлық мәселелер комитеті - Сапархан Омаров, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті – Гүлнар Иксанова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті – Нұрлан Әбдіров, Қаржы және бюджет комитеті - Гүлжан Қарағұсова, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті – Мәулен Әшімбаев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті – Глеб Щегельский, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті – Роман Скляр.
Сонымен қатар, осы күні төрағалардың баяндауы бойынша Мәжіліс комитеттерінің құрамы бекітілді.
Фото: www.kazpravda.kz