Қазақстан-Қырғызстан шекарасында ірі көлемдегі есірткі тәркіленді
Қазақстан-Қырғызстан шекарасында 9 келіге жуық героин және 20 келіге жуық гашиш өткізбек болған азамат ұсталды. Бұл туралы 24.kz арнасы, ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйеніп хабарлайды.
Шекара тоғысында орналасқан «Айша бибі авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды аталған іс бойынша 26 жастағы Қырғызстан азаматын ұстады. Ұсталған азаматтың жоспары есірткілік заттарды Mercedes Benz автокөлігімен Қазақстан арқылы Ресей жеріне жеткізу екен. Автөліктің жанармай құйылатын багына жасырылған есірткілік заттарды шекарашылар «Рапискан» деп аталатын рентген аппаратының көмегімен анықтады. Нақты салмағы 8 килограмм 918 грамм болатын героин 20 түйіншекке бөлініп салыныпты, ал 19 килограмм 289 грамм гашиш есірткісі өз алдына жеке пакетке оралыпты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото:24.kz