Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының рөлін қайта пайымдау қажет – Ақышев
Ұлттық Банк жақын арада бағалы қағаздар нарығын дамыту жөнінде бірқатар тұжырымдамалық бағыттарды ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР бас қаржы реттеушісі Данияр Ақышев бүгін «Корпоративтік басқару: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жаңаша көзқарас» атты Ұлттық форумының барысында мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz, ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп.
«Біз бағалы қағаздар нарығына реттеу тарапынан барынша ырықтандыру жағына қарай, акциялар мен облигациялардың балама ұйымдастырылған нарығын құру арқылы жаңа тұрғыдан қарауды жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады Д. Ақышев. Оның айтуынша, балама нарыққа инвесторлар мен эмитенттердің барлық санаты үшін еркін қолжетімділік, операциялар жүргізу кезінде шектеулердің болмауы, сондай-ақ баға құрудың еріктілігі мен алыпсатарлық кіріс алу мүмкіндігі оның басымдығы болады.
«Жеке инвесторлардың әлеуеті барынша ауқымды және кеңейту үшін үлкен мүмкіндігі бар. «Халықтық IPO» бірінші бағдарламаларының тәжірибесі алда болатын акциялардың мемлекеттік пакетін және ұйымдарды жекешелендіру шеңберінде, яғни ұйымдастырылған нарық арқылы пайдаланылуға тиіс. Синергетикалық әсер мемлекеттік дағдарысқа қарсы бағдарламаларды және ірі жалпыұлттық имидждік жобаларды іске асыруға корпоративтік басқарудың барлық негізгі қағидаттарына жауап беретін компанияларды тартқан жағдайда қамтамасыз етіледі» - деп атап өтті Д.Ақышев.
Сол сияқты ол, мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасы корпоративтік қағидаттарға, корпоративтік мәдениетті күшейтуге сәйкестендірілуге тиіс, - деп мәлімдеді. Ол үшін жеке бизнесті шоғырландыру, компаниялардың корпорация форматына көшуі және монополияға қарсы заңнаманы ырықтандыру бойынша ымырашылық тәсілдерді іздестіру үшін оңтайлы ынталандыру қажет.
«Шараларда үлестік қаржыландыру құралдары бойынша, сол сияқты банк салымдары бойынша да салық жеңілдіктерін теңестіру есебінен акцияларға инвестициялау кезінде қосымша экономикалық пайданы қалыптастыру да қамтылуға тиіс, - деп жалғастырды ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы. – Ұсынылып отырған шаралардың жүйелігін қамтамасыз ету үшін жоғары тәуекелі бар инвестициялаудың жаңа тәсілдерін – инвестициялық банкинг институттарын жасау орынды болады. Дәстүрлі банктермен салыстырғанда олардың барынша кеңейтілген инвестициялық стратегиясы болады, бірақ бұл ретте нақты сектор ұйымдарының үлестік және ұзақмерзімді қарыз капиталына салған кезде тәуекелдерді барабар бағалау саясатын жүргізетін болады».
Корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу, қаржылық есептіліктің дәйектілігін арттыру және білікті менеджментті тарту бәрінен бұрын бизнесті жүргізудің құны және қымбат емес ресурстарды тарту мүмкіндігі жағынан пайдалы болуға тиіс, деп түйіндеді Д. Ақышев.
Фото:diapazon.kz