Жоғарғы Сот сот процесіне қатысушыларды сауалнамаға шақырады
Жоғарғы Сот ағымдағы жылғы 4 сәуірден бастап сот процесіне қатысушылар мен «Сот кабинеті» сервисін тұтынушылар арасында online-сауалнама жүргізуді бастайды. Сауалнама жүзеге асырылып жатқан реформалар, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде қазақстандық соттар жұмысының сапасы мен қолжетімділігіне азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін анықтау мақсатында жүргізіледі, деп жазады zakon.kz, Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Сауалнама арқылы соттар жұмысына ақпараттық технологияларды енгізу, сот сатыларының санын қысқарту, кәсібилік, судьялардың әдебі мен мінез-құлық мәдениеті, сот процестерін аудио-, бейнетіркеу жүйесінің жұмысы, соттар жұмысының ашықтық деңгейі мен сапасы туралы респонденттердің пікірін білу жоспарланып отыр. Бұған қоса, сот жұмысын жақсарту жөніндегі респонденттердің ұсыныстары да күтіледі.
Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі сот процесіне қатысушылар: талап қоюшылар (өтініш берушілер); жауапкерлер, жауаптылыққа тартылатын тұлғалар, адвокаттар; прокурорлар; мемлекеттік органдардың өкілдері; сондай-ақ аталған сервиске тіркелген өзге де адамдар респондент ретінде қатыса алады. Сауалнамаға қатысу үшін олар «Сот кабинеті» сервисінде (https://office.sud.kz/index.xhtml) тіркеле алады.
Қазіргі таңда 50 мыңнан астам азамат «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің тұтынушылары болып табылады. Жоғарғы Сот бұл жобаны 2014 жылы іске қосты.
«Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтар сотқа талап арыздарды (өтініштерді), апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік береді.