Ақтөбелік кәсіпкер асылтұқымды ешкі басын көбейтуді қолға алды
Ақтөбелік кәсіпкер кәсібін кеңейтті. Ол асылтұқымды ешкі басын көбейтіп, өнімін алып отыр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Сүтінен ірімшік пен айран жасап сатады. Ең қызығы, малға қажетті жем-шөпті жаңа технологиямен дайындап береді. Кәсіпкер Мұхамбетәлі Қойшыбаев тың жобасының нәтижесін көрсетіп жүр. «Өзім технолог, өзім баптаушымын», - дейді. Шағын бөлмеде бірнеше саты жасалып, онда 150 ұяшық орналастырылған. Әрқайсына 2 келіден арпа себіледі. 1 аптаның ішінде биіктігі 10 см болатын көк шөп өсіп шығады. 2 келіден 12 келі мал азығын алады. Бұл әдіс, әсіресе, қыс мезгілінде тиімді. «Мал жабық қорада тұрғанда сапалы жем-шөп керек», - дейді шаруа. Тек арпа емес, бидайдан да өнім алуға болады. Ұяшықтарға топырақ салынбайды, тек уақытылы су құйып тұрсаңыз болды. Шаруашылықта жүзден астам ешкі бар, оның алпысы аналық мал. Қыстан төлдеп шыққаны қазір тәулігіне 1, 5 литр сүт береді. Шаруаның алдағы жоспары – жайылым жерді кеңейтіп, мал басын көбейту. Бұл орайда кәсіпкерлік палатасы қолдау танытпақ.
Сағынғазы Құрманалин, облыстық кәсіпкерлер палатасының маманы: - Мал басын көбейту үшін 3 мың гектардай жайылым жер сұрап жатыр. Сол 3 мың гектар бойынша қала әкімдігіне қолдау хат жолдадық. Екі сұрақтың бірі қаралуда. Екінші сұрақ – шаруашылыққа газ тарту мәселесі. Өндірістік бөлімнің мамандарымен сөйлесіп, хабарласып, қазір жұмыс жасап жатырмыз.
Қожалықта алпысқа тарта ірі қара бар. Бордақылау алаңдарында семіртілген малдың өнімін қала базарларына шығарады. Облыс орталығына тиіп тұрған ауылда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол.
Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев
Фото:24.kz