100 мыңға жуық азамат әскери тіркеуге алынды
Елімізде әскери міндетті жастарды тіркеуге алу аяқталды. Жылдың басынан наурыз айының аяғына дейін жүргізілген есеп-қисап нәтижесінде 1999 жылы дүниеге келген 100 мыңға жуық азамат әскерге шақырылу үшін тізімге енгізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әскери міндеттерін өтеуге тиіс азаматтарды тіркеуге алу жастардың әскери қызмет атқаруға дайындығын, білім деңгейін, мамандық алуы мен дене бітімінің талапқа сай болуын анықтау үшін қажет. Сонымен қатар, бұл шара барысында бірінші кезекте әскери міндетін өтеуге шақырылатын азаматтардың нақты саны анықталады. Ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде 1999 жылы дүниеге келген жасөспірімдердің 100 мыңға жуығы әскери тіркеуге алынды.
Сондай-ақ, шара барысында қорғаныс саласындағы оқу орындарына жастарды тарту мәселесі де ескерілді. Әсіресе, Қорғаныс министрлігі кадет корпусы үшін үміткерлерді таңдауға көп көңіл бөлінді. Осы мақсат үшін балалар үйлері тәрбиеленушілеріне, жетімдерге арналған мектеп-интернат оқушыларына, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға айырықша көңіл бөлінді. Нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында оқуға ниет танытқан жасөспірімдер саны 2 мыңға жетіп отыр.
Фото:Kaznews.kaztrk.kz