Қызу тірлік басталды
Көктемде ырыздығын жерден терген диқандар бұл мезгілдің әр күнін тиімді пайдаланып, ойдағыдай өткізуге тырысады. Осыны ескерген Көксу ауданының шаруалары көктемгі науқандық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне бар күш-жігерлерін жұмсауда, деп жазады Алматы облыстық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Жетісу» газеті.
Жауапты науқанды ойдағыдай атқарып жатқандардың қатарында Қабылиса ауылдық округінің еңбеккерлері де бар. Қазір осы округке қарасты Ақтекше және Көкбастау елді мекендеріндегі бусанған егістік алқаптарында қызу тірлік басталған. Қыс бойы қар басқан тау бөктері көкке оранып келеді. Дала төсін дүбірге бөлеген техника гүрілі анадайдан естіліп тұр. Сол жердегі егістікке арнайы барып, жүріп жатқан шаруа жайымен танысып қайтқан едік. Салаға жауапты мамандар науқандық шаруаның ойдағыдай әрі ұйымшылдықпен атқарылуына зор мән беріп отыр. Көктемнің ерте шығуына байланысты ауылдықтар бұл науқанды әдеттегіден ерте бастапты. Жер ылғалы да жаман емес.
Соны тиімді пайдаланғысы келген диқандар еңбек көрігін қыздыруда. Солардың бірі «Кең дала» шаруа қожалығының диқандары. Жалпы, бұл қожалықта барлығы мың гектар жер бар, соның төрт жүзі аталмыш ауылдық округтің аумағында. Алқапта қазір арпа-бидайдың тұқымы себіліп, қауырт жұмыстар жүруде. Бұл шаруа таяу уақытта аяқталады деген болжам бар. Бұдан соң еңбеккерлер ойға түсіп, қант қызылшасының тұқымын егуге кіріспек. Ал оған арналған алқап көлемі жүз гектарды құрайды. Бұдан өзге дақылдар да өз ретімен себіле бермек. Мамандардың айтуынша, жауапты іске оннан аса адам тартылған.
Ауылшаруашылығына қажет техникалармен де толық қамтамасыз етіліпті. Ауыл округінің әкімі Еркін Бейсеновтың сөзіне жүгінсек, Қабылиса ауылдық округінде жалпы 108 шаруа қожалығы бар. Ауыл берекесін тасытып, егін егіп, мал бағумен айналысып отырғандар да солар. Округке тиесілі 76 мың гектар жердің 3,5 мың гектары дәнді дақылдарға арналыпты. Өткен жылы осы алқаптың 840 гектарына күздік бидай, ал бүгінде 200 гектардан астам жерге арпа тұқымы себілген. Жалпы, округ бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жүзден аса техника жұмылдырылуда.
Қабылиса ауылдық округінде қазір егіс жұмыстарымен қатар мал төлдету науқаны да жүріп жатыр. «Қой қоздап, қорада шу» деген осы. Жауапты іске малшылар қауымы қызу кіріскен. Өйткені олар үшін төрт түлікті табысты төлдету маңызды шаруаның бірі саналады. Бұл – тек мал ұстағандарға ғана емес, сондай-ақ, бүтін бір ауылшаруашылығы саласы үшін де маңызы зор кезең. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі науқан жұмыстарына қатысты жағдай қалыпты әрі тұрақты назарға алынған. Аталған істі ойдағыдай жүргізіп отырғандардың бірі «Сарыой» шаруа қожалығы. Осы ретте шаруашылық иесін сөзге тартып, мал төлдету науқаны бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайын сұрап білген едік.
Ерден Нұрғали бізге төрт түлігінің қыстан аман шығып, бүгінде шетінен төлдеп, мал санының өсіп жатқаны жөнінде айтып берді. Сондықтан, мұндағы малшылар жаңа туған төлдің жақсы өсіп-жетілуіне барынша жағдай жасап, бағып-қағуда. Осы бағытта олар күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Біз бұған да көз жеткізіп қайттық. Қазіргі кезде қожалықта туатын алты жүз бас саулық бар, соның жартысы қоздап та үлгерген. Сондықтан, төл алу жұмыстары әлі де жалғаса түспек. Құлдыраңдаған қозылар бірінен соң бірі енелерінің бауырына еніп, еміп жүр. Бұдан бөлек, биелер құлындап, сиырлар бұзаулауда. Олар да өз енелерінің қасынан қалмай еріп барады. Шопаната, Зеңгібаба, Қамбарата түліктері жас төлдерімен бірге отқа шығып, емін-еркін жайылып жүр.
Көктемнің күндеріне аман жеткен түлік түрі көктеудегі шөптен басын алар емес. Қалай десек те, мал бабын тапқанға бітетіні белгілі. Уақытылы жемшөбін беріп, дұрыс күтіп-баптай білсең ғана еңбегің жанып, өтеледі. Осыны жақсы білетін шаруашылық иесі төрт түлікті шығынсыз, өз төлі есебінен өсіруге ден қойған. Қожалық басшысы мал басын асылдандырып, санын көбейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде ол осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп, «Сыбаға», «Құлан» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шаруасын одан әрі шалқытуды көздейді.
Айгүл Байбосынова, Көксу ауданы
Фото:vk.com