ҚР Үкіметінде әуежайлардың авиациялық қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев отандық әуежайларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды zakon.kz, primeminister.kz берген ақпаратқа жүгініп.
Қазіргі таңда республикада 20 әуежай жұмыс жасайды. Олардың 12-сі мемлекеттік әуежайлар (8-і «Airport Management Group» ЖШС сенімді басқаруында), 6-уы - жеке меншікте, концессияда - 2.
2015 жылы әуежайлар шамамен 12 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Қазақстаннан 87 бағыт бойынша халықаралық тасымалдар орындалады. Оларды 2 қазақстандық («Эйр Астана» мен «СКАТ») және шетел әуе тасымалдаушылары жүзеге асырады. Ішкі әуе рейстерін 42 бағыт бойынша 6 қазақстандық әуе компаниясы орындайды.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстанның 13 әуежайында жалпы 97 млрд. теңге сомаға қайта жөндеу жүргізілді. Бұдан өзге, 2015 жылдың қаңтарында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласындағы әуежайдың жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Жобада қазіргі терминалды кеңейту және өткізу қабілетін жылына 7 млн. жолаушыға жеткізу қарастырылған.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға және әуежай басшыларына авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуды, атап айтқанда, жолаушылар терминалдарында заманауи тексермелеу жабдықтарын орнатуды тапсырды. Арнайы техникамен (өртке қарсы машиналар, қар күрейтін және мұздануға қарсы техника, басқыштар) жабдықтауға да айрықша көңіл бөлінуі керек.
Бұдан өзге, әуежайлар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру, менеджмент деңгейін арттыру, дамытуға қаражат тартудың жаңа көздерін іздеу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Фото: kazradio.kaztrk.kz