Елімізде 7 түрме жабылатын болады
Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Марат Бекетаевтың айтуынша, 2015 жылы Қазақстанда түрмеде жазасын өтеушілер саны 17 пайызға, яғни 47 мыңнан 39 мың адамға дейін қысқарған, деп хабарлайды «Қазақстанның бірінші арнасы».
Бұл еліміздің халықаралық түрме рейтингінде 55-ші орынға көтерілуіне әсер еткен. Айта кету керек, түрмедегілердің санын қысқарту жобасы республикамызда 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оған сәйкес, тараптарды бітістіру амалдары кеңінен қолданылуда. Ол нәтиже беріп, 3 жылда сотқа дейінгі татуласу оқиғалары 5 есеге артқан. Мәселен, былтыр 20 мың 430 адамға қатысты іс қаралған. Бітімге келудің арқасында олардың тек 34 пайызы ғана, яғни 6940 адам түзеу мекемесіне қамалған.
Марат Бекетаев, ҚР Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары:
Биыл 7 түзеу мекемесін жабу жоспарланып отыр. Одан босаған бюджеттік қаражат пробация қызметін дамыту және электронды білезіктерді пилоттық тәртіпте енгізу жұмыстарына бағытталатын болады.
Фото:news.caravan.kz