Шымбұлаққа жолаушы тасымалдаудың балама тәсілі ұсынылды
Алматылық тұрғындар мен туристтер үшін Медеуден Шымбұлаққа арнайы экоавтобустар шығарылатын болды. Оның бағасы да қазіргі таксилерге қарағанда едәуір арзан болмақ. Бұл туралы бүгін қала билігі өткізген көшпелі жиында белгілі болды, деп хабарлайды «Астана телеарнасы».
Айта кетейік, ақпанның 22 күні жанармаймен жүретін жекеменшік көліктерге тау бөктеріне кіруге тыйым салынған болатын. Мұндай шараны қолға алуды Мемлекет басшысының өзі Алматыға келген іссапарында тапсырған еді.
Айгүл Ермахан, тілші:
Таулы аймақтарда экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында, қазір Шымбұлаққа бастар жол жабылған. Жол қозғалысына тыйым салынған мынадай белгінің жанында полицейлер бақылауда тұр. Тыйым салынған аймаққа аспалы жол және газбен жүретін коммуналдық қызметтің көліктерімен жетіп алуға болады. Ал Шымбұлақта тұратындар арнайы рұқсат қағазымен өте алады.
Мынау - тұрғылықты жері мен тұрақты жұмыс орнын растайтын рұқсат қағаз. Құжатты «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мемлекеттік мекемесі береді. Ал мұндай парақшасы жоқ азаматтар бекеттенкері қайтады.
Айхат Хабидоллаұлы - алматылық. Ол таудың саф ауасымен тыныстамақ болып, Шымбұлақты бетке алыпты. Бірақ көлігі жанармаймен жүретін болған соң, бекеттен кері қайтуға мәжбүр болды. Жергілікті әкімшілік ұсынған газбен жүретін таксимен барғысы жоқ. Өйткені "ол қалтаны қағады" дейді.
Айхат Хабидоллаұлы, қала тұрғыны:
Такси қызметін ұсынды. Такси қызметіне барсам, 1100 дейді. Барғаныңның өзі 1100, қайтуы да жеке 1100 теңге. Сонда 2200 теңге және де 3 адам толмайынша, такси қызметі жүрмейді. Ал күткіңіз келмесе, 3 адамға төлеуге тура келеді. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейді ғой.
Дегенмен бұл мәселе жуырда шешімін табуы тиіс. Бүгін қала басшылығы көшпелі жиын өткізіп, қоғамдық көлік жіберуге уағдаласқан. Саяхатшыларды "Медеу" мұз айдынынан Шымбұлаққа дейін тасымалдайтын экоавтобуспен бір бағыттағы жол жүру құны 500 тенгеден аспайды деп сендірді. Ауаны ластамайтын электромобильдер де Шымбұлаққа қатынай алады.
Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Негізі біздің қаламызда бүгінгі таңда 41 электромобиль тіркелген. Сол электромобильдерді өткізуге арнайы рұқсат олардың техпаспорты көрсетілген жағдайда өтуге мүмкіндік болады. Өйткені экологиялық жағдайды жақсартуға көзделген бір шара ретінде қолданайын деп жатырмыз. Келесі айдың ішінде конкурс арнайы өткізіп, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, таксидің бағасын екі есе арзандатуға біз келеміз. Кемінде бір бағытқа 700-500 тг дейін біз кісі басына түсіреміз бе деп үміттенеміз.
Көлікпен кіруге тыйым салынғалы бері Шымбұлаққа келушілердің саны, керісінше, күрт артқан. Қазір олардың саны күніне 10 мың адамға жетіпті. Қызмет көрсететін мейрамханалардың табатын күндізгі табысы да 30 пайызға артқан.
Бауыржан Байбек,Алматы қаласының әкімі:
Биыл Шымбұлаққа келушілердің саны 146 мыңға өсіп, рекордтық көрсеткіш орнатты. Өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіш 30 пайызға аз болатын. Сондықтан біз туризмді дамыту үшін экологияны жақсартуды қолға алып отырмыз. Әрі ол халыққа да тиімді. Біз қазір экологиялық мәселелерді шешетін кеңес құруымыз керек. Оған міндетті түрде қала тұрғындарын қабылдау қажет. Бірлескен жұмыс жемісін береді.
«Шымбұлаққа» жолаушы тасымалдаудың балама тәсілдері жақын күндері қолданысқа енеді. Бірақ қала билігі нақты күнін айтуға асықпады. Ал, оған дейін қала қонақтары мен тұрғындар арнайы коммуналдық қызмет көліктерін пайдалануға мәжбүр. Тағы бір айта кететіні, сәуір айынан бастап Медеуден Шымбұлаққа қатынайтын аспалы жолдар қысқа мерзімге күрделі жөндеуге жабылады.
Айгүл Ермахан
Фото: radiotochka.kz