Астанадағы әрбір үшінші оқушыда тісжегі бар
Астанадағы әрбір үшінші оқушыда тісжегі бар. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның Астана қаласының медицина қызметкерлерімен кездесуі барысында № 5 қалалық емхананың бас дәрігері Атыншаш Табулдина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде мектептерде балалардың денсаулығы мәселесі өте өзекті. Әрбір үшінші балада тісжегі бар екенін білеміз. Балалардың мүсіні мен көздерінің бұзылуы проблемалары бар. Сонымен қатар балалардың пайдалы тамақтануы жеткілікті қадағаланбауда, салауытты өмір салтын насихаттау да тиісті деңгейде емес», - деді ол.
Осы орайда бас дәрігер қала әкімінің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау және білім беру басқармалары мектеп медицинасын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне берудің жол картасын әзірлегенін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс комиссиясы мектеп дәрігерінің, медбикелердің қызметтік міндеттерін, мектеп медицинасы туралы ережені даярлады.
«Мектептерде профилактикалық тексерулерді оңтайландыру бойынша көп ұсыныстар бар. Мәселен, мектеп дәрігері балалардың тісжегісін тексеріп, анықталғандарды тікелей мамандарға бағыттай алады. Мектеп дәрігері тыңғылықты түрде оқушыларды сауықтырумен, дұрыс тамақтану және басқа да шаралармен айналысады»,-деп түйді ол.
Руслан Ғаббасов
Фото: med-kz.ucoz.com