Павлодарда дуалдағы тесіктен қашып кеткен бала үшін балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды
Павлодарда Усолка шағын ауданында орналасқан № 44 балабақшадан белгісіз бағытта қашып кеткен алты жасар Нұртас жұртты аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қалада кезекті бір педофил балғынды алып кетті деген әңгіме тарады. Абырой болғанда, бұл ақпарат жалған болып шықты. Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметінің хатшысы Баян Мағзұмованың айтуынша, баланы ешкім ұрлап әкетпеген және ол өзі балабақшадан қашып кеткен.
«Балғынның анасы жаяу жүргіншілер өтетін жолдан кетіп бара жатқан кезде ұлын көріп қалған. Баласының қасында сол сәтте бейтаныс ер адамдар жүріп бара жатқан болу керек. Өз жұмысымен кетіп бара жатқан ер адамды баланың анасы қылмыскер деп қалған. Қатты шошып кеткен ол баланы ұстап алып, полицияға барған. Сол кезде бала серуенге шыққан кезде тесік арқылы қашып кеткенін айтқан. Дегенмен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қызметтік міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін оған айыппұл салынуы мүмкін. Білуімше, тәрбиеші Кабимолдина жұмыстан босатылған», - деді Б. Мағзұмова.
Омар Еркін
Фото:lenta.ru