Еліміздегі ұстаздар мен оқушылар білім беру саласындағы өзгерістерге дайындалуда
Алдағы оқу жылына қойылған басты мақсаттар – ел мектептерінде 5 күндік оқу жүйесін енгізу, негізгі сабақтарды шет тілінде жүргізу және оқу ордаларын жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамту. Елбасының ҚР Білім және ғылым министрлігінің алдына қойған тапсырмалары қалай орындалмақ? Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлайды.
Бағлан Жұмағалиев 3 жыл бұрын №67 гимназияға өзге мектептен ауысып келген. Ол келер жылы оқу бағдарламасында болатын өзгерістерді асыға күтуде. Себебі мектепте химия, физика, математика пәндері ағылшын тілінде жүргізілмек. Бағланның арманы – шет тілін жетік меңгеріп, әлемнің жетекші жоғарғы оқу орындарының біріне түсу.
Бағлан Жұмағалиев, №67 гимназияның оқушысы:
- Қазіргі таңда ағылшын тілі маңызды, шет мемлекеттермен байланыс жасауға мүмкіндік берер еді деп ойлаймын. Физика, математика сабақтары ағылшын тілінде өткізілсе, Астанадағы Назарбаев университетіне түсуге мүмкіншілік болады.
Гимназия қабырғасында жаңа жүйе бойынша білім алуға қарқынды дайындық жүріп жатыр. Мұғалімдер мен оқушылар қосымша ағылшын тілі курстарына қатысып, білімін шыңдауда. Мектеп әкімшілігінің мәлімдеуінше, ұстаздар арасында шет тілінде сабақ беруге құлшынып отырғандар аз емес.
Бақыт Мылтықбаева, №67 гимназия ағылшын тілі мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі:
- Болашақта біз химия, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге дайындалып жатырмыз. Оқушылар да, мұғалімдер де тіл курстарына барып жүр. Айта кетейік, мұндай тәжірибе қалған мектептерде 2018-2019 оқу жылында енгізіле бастайды. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Білім және ғылым министрлігіне оқушыларға жүктемені азайтуды тапсырған болатын. Енді қыркүйек айынан бастап, барлық мектептер 5 күндік оқу бағдарламасына көшіріледі.
Жаңыл Жонтаева, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры:
- Алдағы оқу жылында барлық мектептердегі 1-сынып оқушылары 5 күндікке оқу тәртібіне көшеді. Бұл үрдіс жыл сайын енгізіліп отырады. Алдағы жазғы демалыста бүкіл республика бойынша 73 мың оқытушы қайта даярлау курстарынан өтеді. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінің 80-ге жуық маманы онлайн түрде жаңа әдістемені үйретпек. Шет тілді меңгеру үдерісін жеңілдету үшін келер жылдан бастап 2,5 мың мектепті жылдамдығы жоғары ғаламтор желісіне қосу көзделген.
Алдағы өзгеріс еліміздегі білім беру мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сай жүргізіледі. Бұл құжаттың басты мақсаты – барлық қазақстандықтардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Үш тілде бірдей оқыту жүйесі жастардың талабын шыңдап, отандық және шетелдік жетекші оқу орындарында тең дәрежеде білім алуға жол ашады.
Дариға Ташенова, Ербол Дайыров
Фото:24.kz