Ақсу прокуратурасы жас натуралистер станциясындағы ағаштардың заңсыз кесілгенін анықтады
“Звезда Прииртышья” газетінде “Отговорила роща золотая” мақаласы жарияланғаннан кейін Ақсу прокуратурасы жас натуралистер станциясының қызметіне тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Нәтижесінде прокурорлар жаңа велороллер трассасына арналған учаскенің заңсыз босатылғанын анықтады. - Құрамында ТҮКШ бөлімінің үш қызметкері және қалалық мәслихаттың депутаттары бар комиссия 127 ағашты санитарлық кесу және 89 ауру ағаштың (жеміс – жидек, үйеңкі, терек) тамырын қопарып қазып алу туралы шешім қабылдаған.
Осы шешім негізінде “Горкомхоз-Аксу” ЖШС станция аумағында жоғарыда көрсетілген ағаштардың тамырын қопарып қазу және кесу жұмыстарын жүргізген. Алайда тексеру барысында комиссия құрамында қала құрылысы мен орман шаруашылығы мекемесінің мамандары болмағаны белгілі болды. Бұған қоса, шешімді құрамы жаңартылмаған комиссия қабылдаған. Сондай-ақ ағаштар мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылыс жүргізу мақсатында кесілмегендіктен, ережеге сәйкес станция 52 184 теңге көлемінде қалалық бюджетке келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Тексеріс нәтижелері бойынша Ақсу қаласы әкімінің атына ұсыным енгізілді, - деп жазылған хабарламада.
Прокурорлық тексерістің қорытындысы бойынша жас натуралистер станциясы келтірілген шығынды өтеген және екі тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында «Звезда Прииртышья» газеті Ақсу қаласындағы жас натуралистер станциясындағы ағаш кесуге қатысты мәлімет жинақтаған. Ал көп ұзамай қараша айында кесілген 100 ағаштың орнына 600 түп тал мен қарағай отырғызылған.
Фото:gazeta-marfino.ru