Алматыда жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік мәселесі талқыланды
Алматыда қалалық ІІД қызметкерлері, орта мектептердің педагогтары, психологтар және кәмелет жасқа толмаған балалары бар ата-аналардың қатысуымен арнайы семинар өткізілді. Онда басты тақырып - жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік мәселесі жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл семинар білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ведомствааралық жоспар және кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасау әрекеттерінің алдын алу бойынша 2015-2017 жылдарға арналған кешенді Жоспар аясында өткізілді.
«Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлық әрекеттердің алдын алу және барлық мүдделі қызметтердің әрекеттерін өзара үйлестіру. Білім беру мекемелерінде осындай қылмыстарды және кәмелетке толмаған жасөспірім қыздар арасында жүктіліктің алдын алу бойынша әр түрлі шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Кәмелет жасқа толмағандардан жеке өмірлеріне байланысты өзгерістерді анықтау оңай емес. Бұған ерекше тәсілдер қажет. Мұндай фактілер орын алған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127- бабына (Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдерінің балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) сәйкес, ата-аналар мен заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді осыған орай Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Лейлә Әліпбаева.
Семинар қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді.
Айбота Жаппарберген
Фото:alau.kz