Қазақстанда 10 млн гектар жайылым жер бос тұр
Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму жолына түсті. Қазір 1,5 миллионнан астам шағын және 200 мыңдай ірі шаруашылықтар бүкіл республиканы ішіп-жеммен қамтамасыз етуде. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан семинарда айтылды. Жиында Орталық Азия агросекторының мәселелері талқыға түсті. Сарапшылар отандық өнімнің сапасына сызат түсірмеу арқылы бағасын төмендетудің жолдарын жіліктеп жеткізді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Дағдарыс кезінде абдырап қалмас үшін шаруалар коммерциялық кооперативтерге бірігуі қажет. Бұл - отандық және шет ел ғалымдарының озық ойы. Пікірлерінше, ауқымы мен мүмкіндігі кең құрылым ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін өрге сүйрейді. Оған қоса, сұраныс мөлшерін тұрақтандыруға септігін тигізеді. Көтерме саудада өз құнын арзандату арқылы қоржынға түсер қаржыны көбейтіп, шығындарды оңтайландырады. Әрі мемлекет қолдауына ие болады.
"Басты мәселе - тапсырыс берілетін тауарлардың аз болуы. Соның салдарынан шаруалар өндірістерін кеңейте алмай отыр, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ кәсіптерінің бағын тасыту үшін тісқаққан мамандардың қызметіне жүгіне алмайды",- деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов.
Ал, өзге елдің мамандары өз кезегінде жеке шаруа қожалықтарының жерлерін ірі кооперативтеріне қоспау қажет деп есептейді. Керісінше, кейінгілері қызмет көрсету шеңберінде жұмыс істеуі керек.
"Олар сатып алу, тасымалдау шаруаларымен айналысуы тиіс. Шағын өндірушілерден алған сүт өнімдерін қайта өңдеп, көлемін көбейту жұмыстарына араласқаны абзал. Шаруалар өз ісімен шұғылданса, ал кооперативтер ірі көлемдегі көкөністерді сатумен айналысқаны жөн",- деді Иерусалимдегі Еврей университетінің профессоры Зви Лерман.
Қазір Қазақстанда жайылым жерлердің аумағы 180 миллион гектарға жуықтайды. Данияның есепке жүйрік мамандарының деректеріне қарағанда, соның 10 миллионы бос тұр екен.
Қайырбек Жәйлібекұлы. Айерке Ермек, Қанат Кигізбаев
Фото:egemen.kz