Оңтүстік Кореяда жарылыстан жарақат алған қазақстандыққа ота жасалды – ҚР СІМ
Оңтүстік Кореяда жарылыстан жапа шеккен Қазақстан азаматына шұғыл түрде ота жасалды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады «Қазақстан» ҰТА.
«Қолда бар ақпарат бойынша, 2016 жылдың 4 сәуірінде Оңтүстік Кореяның КХДР-мен шекаралас жатқан Канвон провинциясында жарылыс болған. Оқиға салдарынан 1962 жылы туған Қазақстан азаматы зардап шеккен. Арнайы санитарлық ұшақ бортымен ҚР азаматы Сеул қаласының «SeoulYonsei» ауруханасына жеткізіліп, онда оған жедел түрде ота жасалды. Жарылыс салдарынан ол оң аяғындағы төрт бақайынан айырылып отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтың қал-жағдайы қалыпты», - делінген хабарламада.
ҚР Елшілігінің хабарлауынша, ол Оңтүстік Кореяға медициналық тексеруден өтуге келген. 31 наурызда ол аталған провинциядағы женьшень өсіретін фермаға жұмысқа орналасқан.
Тергеудің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, жарылысқа 1951-53 жылдардағы кореялық соғыстан жарылмай қалған мина себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиға бойынша Кореяның Ұлттық полициясы мен ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінен құрылған тергеу тобы жұмыс жасап жатыр. Зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарланады.
Фото:today.kz