БҚО-да жүкті әйелдің үстіне қоқыс контейнері құлады
Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында әйелдің үстіне қоқыс контейнері құлады, деп хабарлайды BNews.kz.
Полицейлер қайғылы оқиғаның кеше таңертең төртінші шағын ауданында орын алғанын мәлімдеді.
«Қоқыс таситын көлік контейнерлердегі тұрмыстық қалдықтарды түсіріп жатқан. Осы кезде бір әйел қоқыс тастауға келеді. Кенеттен көліктің жүк көтеретін ілмегі сынып кетіп, контейнер әйелдің үстіне құлаған. Дереу жедел жәрдем шақырылып, жәбірленуші ауруханаға жеткізілді», - деп атап өтті БҚО ІІД қызметкері Асылай Ғұбашева.
Қазіргі таңда жапа шеккен әйел жан сақтау бөлімінде жатыр, әйелдің аяқ-қолдары сынған. Дәрігерлердің айтуынша, науқас есін жиды, дегенмен жағдайы әлі ауыр.
«Жәбірленушінің үш баласы бар. Тұрғын үйлердің бірінде тұратын анасына үй шаруасына қолғабыс етуге келіп тұрады. ПИК штатында тіркелмеген», - деп мәлім етті «Еңбек» ПИК төрайымы Нұрия Игизова.
Аталған факті бойынша Бөрлі АІІБ сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Фото:www.arnapress.kz