Атырау облысында 45 жаңа жоба қатарға қосылды
Атырау облысында жаңадан 45 жоба қатарға қосылды. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы айта келе, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа инвестициялық жобалар мұнай химия өнеркәсібі саласында, машина құрастыру, құрылыс индустриясы, фармацевтика, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі агронеркәсіптік кешен саласында жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны 101 млрд теңге. 45 жобаны қатарға қосудың арқасында 3 328 тұрақты жұмыс орнын аштық. Қазіргі және жаңа жобаларға инвестиция тарту жұмысы одан әрі жалғасуда», - деді аймақ басшысы.
Н.Ноғаевтың мәліметінше, қазір Атырау облысы әлемнің жеті еліндегі 11 компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Маңызды жобалардың қатарында күн және жел электр стансаларының құрылысы, фармацевтикалық зауыт пен газ-химия саласындағы жобалар бар.
Кенжекей Тоқтамұратқызы
Фото: inform.kz