ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің ҚХР-да ресми сапары басталды
Делегация құрамында Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасының судьясы М. Балкен, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстық соттарының төрағалары Н. Әбдіқанов пен Б. Әметов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ә. Қасенова бар. Делегация ҚХР Жоғарғы халықтық сотының төрағасы Чжоу Цянмен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz, ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп.
Кездесу барысында Қ. Мәми: «Биылғы қаңтарда біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 24 жыл толды. Осы уақыт аралығында өзара іс-қимылдың кең ауқымды салалары бойынша екіжақты байланыстарды серпінді нығайтуға бағытталған орнықты саяси бәтуаластыққа қол жеткізілді» деп атап өтті.
Қазақстандық сот жүйесінің дамуы жөнінде айта келе, Қайрат Мәми Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде еліміздің сот-құқықтық саласындағы оң өзгерістер туралы хабардар етті. Атап айтқанда, үш сатылы сот жүйесіне көшу, процестік заңнаманың жаңаруы, судьяларды іріктеу және кәсіби даярлау жүйесі, инвесторларға арналған мамандандырылған сот пен Халықаралық консультативтік кеңес құру туралы тоқталды. Дауларды шешудің баламалы тәсілін енгізу және сот ісін жүргізуде электрондық технологияларды қолдану саласында өзара тәжірибені, ақпаратты және ең үздік жетістіктерді алмасуға ерекше назар аударылды.
Қазақстандық делегация сондай-ақ Қытайдағы судьялардың Мемлекеттік академиясында болып, онда Жоғарғы Сот Төрағасы екі елдің сот органдарының білім орталықтары арасындағы байланысты орнатуға мүдделілік танытты. Мұндай ынтымақтастық кәсіби біліктілігін арттыру саласында білім алушылармен профессор-оқытушылар құрамы үшін өзара тәжірибе және білім алмасуға септігін тигізетіндігі атап өтілді.
Сапар шеңберінде 12 сәуірде қазақстандық делегацияның Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті саяси-заңдық комиссиясының хатшысы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Мэн Цзяньчжумен кездесуі жоспарланған.
Фото: gazeta.caravan.kz