Қазақстанда су тасқынына қарсы күрес күшейтілді
Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынымен күрес жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді, деп жазады Алматы телеарнасы.
Ол Ақмола мен Қарағанды облыстарында су тасқыны шырқау шегіне жеткенін айтты. Ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Елді мекендерден су қайтып, өзендердегі су деңгейі де біршама төмендеп қалған. Комитет басшысының айтуынша, су тасқыны қаупі туындаған сәттен 2488 ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз жерге көшірілсе, бүгінгі күні олардың 1500 басы иелеріне қайта жеткізілді. Сонымен қатар, су тасқынымен күрес жұмыстарына 4127 адам, 1140 техника, 259 су сорғыш құрылғы, 41 қайық жұмылдырылған. Дегенмен Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы өзендердің тасу қаупі барынша жоғары болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында су тасқынының белсенді кезеңі басталады деп күтілуде. Бірақ барлық өңірлердегі жағдай жіті бақылауда тұр деп мәлімдеді комитет төрағасы.
"Ауа райы мәліметтерін ескере отырып, біз Ішкі істер министрлігінің Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы құтқарушылар топтарын жедел құтқару бөлімшелері, өрт сөндіру қызметі және апаттық құтқару жұмыстары есебінен күшейттік. Бүгінгі күні су басқан 535 үйдің 421-інен су сорылып алынды, төтенше жағдай аумағынан дер кезінде 969 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 17 адам құтқарылды",- дедіҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Фото: almaty.tv