«Думан» ойын-сауық орталығы сатылды
Елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған кешен электронды сауда арқылы 3 млрд 403 млн 500 мың теңгеге өтті. Отыз мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан нысанға иелік етуге екі өтініш түскен, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Бұған дейін ол Астана әкімдігі коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алу басқармасының есебінде тұрған еді. Байқау шарттарына сәйкес, «Думанның» көңіл-көтеру қызметтері кемінде 10 жылға сақталуы тиіс. Океанариум сонша уақыт қызмет етуі шарт. Ал жасанды теңіз бен нысанның өзі жаңартылып, шатыры жөнделуі қажет.
Ұлан Құдайберген, Астана қаласы коммуналдық мүлік және мемлекеттік басқару басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір сатып алу келісімшартына қол қойылып жатыр. Аяқталғаннан кейін алған адам өз атына тіркейді. Екі компания өтініш білдіріп, бағаны жоғары қойған адамға ойын-сауық орталығы сатылды.
Айта кетейік, ел үкіметі 2016-2020 жылдарға жекешелендірудің кешенді жоспарын құрып, сатылымға қойылатын ұлттық холдингтер мен ірі компаниялардың тізімін жариялаған болатын.
Фото: friends.kz