Көкшетауда ұзындығы 40 метр телекоммуникация сымын ұрлағандар қолға түсті
Көкшетауда ұзындығы 40 метр болатын телекоммуникация сымын ұрлаған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицейлердің мәліметі бойынша 13 сәуір күні криминалдық полиция қызметкерлері Көкшетау қаласындағы металл қабылдайтын орынға екі жас жігіттің ұзындығы 40 метр болатын сым өткізбек болғанын байқап қалған.
«Қалалық ІІБ-да күдіктілерді тергеу барысында металл сынықтарын жинайтын орынға өткізбек болған сымның «Тудей-Телеком» ЖШС-нен ұрланғаны анықталды. Күдіктілер 1990-1995 жылғы екі жігіт сол күні түнде облыс орталығындағы Буденный көшесінің бойындағы үйлердің бірінің шатырына шығып, аталған сымды қолды қылған», дейді полицейлер.
Қазіргі кезде, бұл оқиғаға байланысты ҚР ҚК 188 бабының 1 бөлімі бойынша (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің бұдан өзге осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Аслан Оспанов
Фото: www.vdvsn.ru