Азаматтық заңнама одан әрі жетілдіріледі
Бүгін Мәжілісте азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті. Оған ұйтқы болған Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, деп хабарлайды zakon.kz, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп.
Шараны аталған комитеттің мүшесі, осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Арман Қожахметов жүргізді.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров кіріспе сөзінде азаматтық құқық, қарым-қатынас еліміздің әрбір азаматының өміріне қатысты болғандықтан да, заң жобасының өте өзекті екенін алға тарта келіп:
-Қолданыстағы Азаматтық кодекс тауарлы-ақшалай қатынастардың, меншік түрінің теңділігін, оған қол сұғылмаушылықты, мәміле мен шарттар еркіндігін реттеудің негізгі қағидаттарын қамтыған ірі кодификацияланған акті болып табылады. Сондықтан да, қолданыстағы кодекс елімізде нарықтық қатынастардың дамуына қолайлы жағдай жасап, шетелдік инвестиция тартуға да өз септігін тигізді. Алайда, экономикалық қатынастардың одан әрі дамуы, шетелдік инвестициялар ағыны, ақпараттық және зияткерлік технологиялардың жылдам дамуы еліміздің ұлттық заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Бүгінгі ұсынылып отырған жоба Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясаты тұғырнамасының қағидаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленді»,-деп атап өтті.
Ал, Заңға енгізілген жаңашылдықтар төңірегінде Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина баяндап берді.
Заң жобасында заттай құқықтар мен олардың туындау негіздері туралы ережелер кеңейтіліп, «Өзге де заттық» құқықтар деген толықтыру енгізіледі. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікке жаңадан жасалып жатқан меншік құқығының туындау себебі нақтыланады, мүлікті белгіленген тәртіппен бөліп шығару мүмкiн болмаған жағдайда, соттың оны жария саудаға салып сату туралы шешім қабылдауы міндеті белгіленеді. Меншік иесінен мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілетін жағдайлардың тізімі толықтырылады, меншіктен бас тарту тәртібі нақты белгіленеді.
Ал, заңды тұлғаларға қатысты азаматтық заңнама нормаларына келсек, барлық заңды тұлғаларға өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға рұқсат беру, шаруашылық серіктестікте үлесті иеліктен шығару бойынша мәміленің нотариаттық нысанын бекіту, еншілес ұйым анықтамасын нақтылау сынды бағыттар бойынша жұмыстарды жетілдіру көзделген.
Талқылау барысында депутаттар көтерген маңызды сұрақтар мен ұсыныстар бойынша іс-қимыл жұмыс тобының алдағы отырыстарында одан әрі жалғасатын болады.
Заң жобасының таныстырылымына Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекеме өкілдері қатысты.
Фото: www.inform.kz