Елбасы: Үштілділік біздің балаларымыз үшін аса қажет
Балаларымыздың үш тілді білуі - қажеттілік. Бүгін «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп жазады «Қазақстан» ҰТА.
«Мен балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Үштілділік - біздің балаларымыз үшін аса қажеттілік. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс, ал орыс тілі - қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл, әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өз сөзінде мектептің білім бағдарламасына үштілділікті енгізу балаларды болашаққа дайындаудың алғашқы қадамы саналатынын баса айтты.
«Әлемде қандай тіл басымдыққа ие болатынын кім біледі? Айтпақшы, екінші орында адам саны бойынша қытай тілі тұр. Мүмкін, бір уақыттарда оны да оқуға тура келер. Білмеймін, мүмкін 1,2 млрд. адам қолданатын үндіс тілі алға шығар. Бірақ, қазіргі уақытта алға қарай ілгерілеу үшін, білімді болу үшін, жас адамның қалыптасуы әрі өзін, отбасын қамтамасыз етіп, балаларына тәлім-тәрбие беру үшін ағылшын тілі керек», - деді Н.Назарбаев.
Фото:kaztv.kaztrk.kz