Ертіс өзенінде 2,5 мың кемеге арналған жүзу маусымы ашылды
Павлодар облысында Ертіс өзені арқылы кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Нұрлан Валитовтың айтуынша, қазіргі таңда аймақта ірілі-ұсақты 2541 кеме тіркелген. Бұл – былтырғы жылға қарағанда 129 бірлікке артық көрсеткіш.
- Өткен демалыста мамандар кеме жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзеннің тереңдігін тексеріп, қалқыма белгілер орнатты. Шығыс Қазақстан, Омбы облыстары арасындағы кеме су жолдары жылдағыдай жанданды. Бүгінгі күнге дейін Ертіс арқылы жүзетін кемелердің техникалық жағдайы ойдағыдай. Бұған дейін олардың барлығы тексеруден өткен. Павлодар аймағында су жолдары Жоғары және Төменгі Ертіс деген екі учаскеге бөлінеді. Облыс пен Шығыс Қазақстан өңірін өзен арқылы байланыстыратын алғашқы бөлігі 222 шақырым болса, көршілес Омбымен қатынасты нығайтатын екінші учаске 381 шақырымға созылған, - дейді Н. Валитов.
Мамандардың айтуынша, осы жылы Павлодардан Омбы облысына қиыршық тастың 120 мың тоннасы тасымалданбақ. Аталмыш құрылыс материалынан басқа көрші елге құм мен көмір де жеткізілмек. Сондай-ақ, биыл Ханты-Мансийск өңіріне шамамен 1,5 тонна техникалық тұз жөнелту жоспарда бар. Айта кетерлігі, қазіргі таңда Ертістің маңайындағы кәсіпорындар мен инфрақұрылымдарда 1000-нан астам адам еңбек етуде. Олардың қатары өз ісінің шебері атануды мақсат еткен жас мамандармен толыға түсуде.
Суретті түсірген - Салауат Темірболатұлы