Биыл жұмыс күші мол аймақтардан 1259 оралман отбасы көшірілмек
Биыл Қазақстанның жұмыс күші мол аймақтарынан 1259 оралман отбасын көшіру жоспарланып отыр. Тарихи отанына оралған этникалық қазақтарды орналастыру аймақтық квоталары келесі кезекте бөлінген: Павлодар облысында – 690 отбасы, Шығыс Қазақстан облысында – 260 отбасы, Ақмола облысында – 123 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысында – 108 отбасы, Батыс Қазақстан облысында – 29 отбасы, Атырау облысында – 28, Қостанай облысында – 21 отбасы, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Үкімет Қаулысында жұмыс күшіне сұраныс мол аймақтарға қоныс аударғысы келетін ҚР азаматтарын көшіру де қарастырылған. Бұл бағытқа 463 қоныс аударушы отбасын қабылдау квоталары бөлінген: Павлодар облысында – 300 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысында – 101 отбасы, Шығыс Қазақстан облысында – 40 отбасы, Қостанай облысында – 22 отбасы.
Аймақтық квоталар тізіміне кіретін оралмандар мен қоныс аударушыларға, сондай-ақ олардың отбасыларына көшу кезінде көмек көрсетіліп, жұмысқа орналасу, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
Аймақтық квотаға өтінім беру кезінде оралман куәлігі бар тарихи отанына келген этникалық қазақтар қатыса алады. Оралман мәртебесін алу және квота тізіміне енгізу мәселелері бойынша тұрғылықты мекенжайына қарай облыстық, Астана, Алматы қалалары жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтінім білдіруге болады.
Ал мамыр айынан бастап ҚР ДСӘДМ қолдауымен оралмандар мен қоныс аударушыларға қажетті толық ақпаратты қамтитын «Ұлы көш» ақпараттық порталы өз жұмысын бастайды. Естеріңізге сала кетейік, 1991-2015 жылдар аралығында 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақтар тарихи отанына оралып, оралман мәртебесіне ие болды. Бұл жалпы халық санының 5,5%-ын құрайды.
Фото:shyn.kz