Павлодар облысында 43 мектеп бітірушісі ҰБТ-дан босатылады
Павлодар облысында 2015-2016 оқу жылы 43 мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті.
- 2016 жылы ҚР «Білім туралы» Заңының мектеп бітірушілерін ҰБТ-ға қатысудан босату бөлігіне өзгерістер енгізілді. Аталмыш заңға сәйкес ҰБТ-ға қатысудан соңғы үш жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиада және конкурстардың жеңімпаздары ғана босатылады. Биылғы жылы Павлодар облысында мұндай оқушылардың саны - 43. Сонымен қатар, оқу жылының аяғына дейін тағы да тоғыз мектеп бітірушісі Мәскеу қаласында халықаралық конкурстарға қатысуды жоспарлап отыр, - деді Б.Бексейітова.
Ведомство басшысының айтуынша, жоғарыда аталған болашақ түлектердің ішінде № 3 гимназияда төрт оқушы, дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінде 14 оқушы, "Зерде" мектебінде бір оқушы, № 1 мектеп лицейінде екі оқушы, облыстық көп салалы лицей интернатында екі оқушы, «Жас дарын» мектебінде сегіз оқушы, № 10 мектеп лицейде 10 оқушы, Павлодар қаласының № № 9,19,25 және Екібастұз қаласының №№ 22, 26 мектеп гимназиясында бес оқушы сынаққа қатыспайды.
Ақбота Сейсенбаева
Фото:www.diapazon.kz